Бір жігітке: «Ағайының араласпаса қайтесің?» – депті бір дана қарт. Оған: «Ата, ағайын араласпаса, онда жалғыздыққа көнемін, кім көрінгенге сенемін», – деп жауап беріпті жігіт. Сонда қарт: «Жоқ, балам, ағайын араласпаса – адасасың, досың ақылдаспаса – кім көрінгенмен жағаласасың. Ағайын – ауырғанда, қуанғанда, жылағанда керек. Ағайынға жақсылық жасасаң – ауырсаң жаныңа жалау, қуансаң – тойыңда бірге, жыласаң – көңілді басып, қасыңда болады. Ағайынмен араласпасаң – ауырсаң жалғыз жатасың, қуансаң – кімге айтасың, жыласаң – өзіңді-өзің жұбатасың. Ақылың болса – ағайыннан безбе. Ағайын адастырмайды, көрінген ақымақпен жағаластырмайды», – деген екен. Әлгі жігітке дана қарт тағы да: «Өсекті кім айтады, кесекті кім атады?» – депті. Жігіт: «Ата, өсекті ақылсыз айтады, кесекті ақымақ атады», – деп жауап беріпті. Сонда қарт: «Жоқ, балам, қырсық қылығыңа сай жаныңда жүреді. Өсекті еркек айтса – дұшпаны көбейер, әйелі айтса – айласы көбейер. Өсек айтып пайда таппайсың. Өсекке үйір ата-ананың баласы ақылсыз, қызы санасыз келеді. Өсекті көп айтқаннан жақсылық шықпайды. Өсек ерді өсірмейді, кеселді кетірмейді. Өсек айта білген кесекті де ата біледі. Өсек – ойды өсірмейді, жақсылықты келтірмейді, жамандықты бірден сездірмейді», – депті ақсақал. Осы дана қарт айтқандай, өсекке, өтірікке ере бермей, ағайын араласып, ақылдасып тұрса, бір-біріне деген мейірім-шапағаты оянады, өмірге құштарлығы артады. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген ұлағатты қағида болады. Мейір-шапағатқа оранған ағайынның өресі кең, білегі мықты, жүрегі күшті, жүзі жарқын болады. #omirlik

Теги других блогов: продвижение SEO Google