Бақыт деген...
Бақыт деген - ата-анаңды сыйлағаның,
Жүрегіңе иманды жинағаның.
Бір сен үшін алаң боп жүре тұғын,
Ата-ананы ренжітіп, қинамағын.
Бақыт деген - әр күнгі атар таңдарыңда,
Адал күшпен жету әрбір арманыңа.
Бақыттың бір бөлшегі саналатын,
Жақын жандар аман жүрсін жандарыңда.
Бақыт деген - жақсылыққа қадам бастауың,
Жамандықты жүректен алып тастауың.
Аз уақытқа бақытқа бөлей тұғын,
Шайтан сулар болсын әр кез қас-жауың.
Бақыт деген - күнәлі іске өкініп жылағаның,
Иман жиып намазға құлағаның.
Бақыт деген, бауырым,
Бақыт деген...
Шын беріліп Аллаhтан сұрағаның!!!
© Г. Бектегенова
Ия, шынында да уақытымызды дұрыс пайдаланып, Аллаға құлшылық етіп, намаз оқып жанымызға рахат табу үлкен бақыт шығар әсте... Осы орайды "Алтын босаға" газетінен оқыған Нұржан Талас атты имамның ой салар әңгімесі Аллаға деген махаббатымды арттыра түсті. Сол әңгімені сіздермен де бөліскенді жөн санап отырмын.
Осы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Менің де хақ жолға түсіп, шынайы мұсылман болу бақытына қауышуыма себеп болды.
Иманжан деген досымыз болатын. Бала күнімізден тай-құлындай тебісіп, қатар өстік. Мектепте жүрген кезде сотқарлығымен аты шығып, сыныптың атаманы болатын. Сөйтіп мектепті де бітіріп, бір сыныптан төрт бала арман қуып Алматыға келдік. Оқуға Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-не журналистика факультетіне түстік.
Иманжан бала күнінен сүйегіне беткен шатақ мінезінің кесірінен оқудан екі мәрте шығарылып, бәріміз араласып жүріп қайта қабылданған болатын. Содан не керек жүрген жерін қырып-жойып, шайтансуға әуестігі талай жерді лайлады. Жанында жүріп абырой таппайтынбыз. Иманжанның бір жақсы қасиеті сөзіне берік және жалған айтпайтын. Осы қасиетімен бәрімізге ұнайтын.
Бір күні қаладағы мейрамханада белгісіз біреумен төбелесіп, басынан қатты соққы алып жансақтау бөлімінде жатыр дегенді естіп, жанымызды қоярға жер таппай, әшейінде мешітке аттап баспайтын Әсет пн Талғатты ертіп алып мешітке барып садақа тастап, Алладан Иманжанның сауығып кетуін сұрадық. Сол дұғамыз қабыл болды ма, әлде тартар дәм-тұзы бұйырды ма күн санап беті бері қарап, арамызға қосылды. Ол ауруханадан шыққан соң тағы баяғы әніне басар деп ойлағанбыз, олай болмады.
Күндер өте Иманжанның мінезінің күрт өзгергенін байқадық. Сабырлы, қатігездіктен арылып, жүрегі жұмсарып,мейірімділене түскен. Біз оның бұлай күрт өзгеруіне таң қалып әңгіме қылып жатсақ, ол: "Өмірді дұрыс сүру керек, қолдағы барды бағалай білу керек. Аллаға құлшылық етіп, намаз оқығаннан жаным рахат табады",-дейтін.
Арада бірнеше айлар өткен кезде Иманжан жансақтау бөліміне қайта түсіп, хал үстінде жатыр деген хабар естідік.
Ауылдан анасы Әмина апа келіп дәрігерлермен сөйлесіп, мән-жайдан хабардар болған соң, Әмина апаның қасына ауруханаға келдік. Ішке кіруге рұқсат жоқ, досымыздың жағдайын Әмина ападан сұрадық. Жатақханада бір бөлмеде жататын Айдос деген курстасы: "Кешқұрым басын жуып, шашын кептірместен суыққа қарамай дүкенге шығып кеткен. Сәлден кейін келді де басын ұстап ауырып барады деп жатыр қалды. Таң ата жағдайы ауырлай бастаған соң жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға алып кетті",-деп Әмина апаға айтыпты. Дәрігерлер менингит деген диагноз қойған екен.
Сенбінің сәтті күні амалын тауып, жансақтау бөлімінің жауапты дәрігерінен рұқсат алып, палатаға кірдік. Қасына анасынан басқа ешкімді кіргізбейді, Әмина апа бізді көріп, баласының жанына араша түсер ме деп, үмітті көзбен қарайтындай.Сосын Иманжанға қарап: "Балам, көзіңді ашшы, әнекей достарың келіп тұр",-дегені сол еді, алты күннен бері комада жатқан досымыз жайлап кірпігін қозғалтты. Мен қуанғаннан "Досым, Иманжан, қалайсың?"-деп айқайлап жіберіппін. Анасы "Дәрігер, дәрігерді шақып!"-деп безек қағып жатыр.
Иманжан көзін ашты, абыр-сабыр болып жатқан бөлме іші тып-тыныш бола қалды. Досым көзімен дәрет алайын дегендей белгі берді. Қалауын лезде орындадық. Сосын басын сәл көтеріп намаз оқуға ыңғайланды. Намазды ұзақ оқып, намазын аяқтады. Көзімен бәрімізді шолып шықты да, сылқ түсті. Тыныштыққа бөленген бөлмеде құлақ тұндырар дауыстар естіліп жатты.Ал, мен болсам досымның маған қараған соңғы жанарынан: "Намаз оқыңдар, құлшылық-өмірдің мәні, адам баласының қашан өлгені, қалай өлгені, қай жерде өлгені маңызды емес, кім болып өлгені маңызды",-дегенін ұқтым.
Иманжан қаншалықты бұзық болғанымен, оның Аллаға жағатын уәдеге беріктігі бар еді. Алла құранда: "Тәубе етіңдер, мен тәубені қабыл етушімін",-демеп пе еді?! Иманжан тәубе етті, Алла сетін орындап, жақсы құлының жанын жақсы амалдың үстінде алды.
Мұндай сынақтар әрбіріміздің басымыздан өтіп жатыр, бірақ одан сабақ алып, нәтиже шығаратындар аз. Өкінішті...
Дайындаған: Бектегенова Гульжайна